225

Израиль Хаменеидің 2 бункерін жылдар бойы аңдып келген – Financial Times

Израиль мен АҚШ Хаменеи қайда болатынын алдын ала білген.

Израиль Хаменеидің 2 бункерін жылдар бойы аңдып келген – Financial Times
Vantor/Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израильдің арнайы қызметтері Иранның жоғарғы басшылығының қозғалысын бірнеше жыл бойы жүйелі түрде бақылап келген. Ақпаратты Financial Times басылымы таратты.

Дереккөздердің айтуынша, Израиль барлау құрылымдары Тегеран қаласындағы көше бейнебақылау камераларына заңсыз қол жеткізіп, сондай-ақ агенттік желі мен мобильді байланыс деректерін пайдалану арқылы Иран басшылығының күн тәртібі мен қозғалыс бағытын тұрақты бақылауда ұстаған.

Сол бақылаудың негізгі нысандарының бірі — Иранның жоғарғы рухани жетекшісі Али Хаменеи болған. Израиль тарапы оның екі жерасты паналау орны бар екенін және қай кезде қай жерде болатынын алдын ала білгені айтылады.

Ақпаратқа сәйкес, 28 ақпан күні таңертең, соққы жасалар алдында барлау қызметі Иран басшылығы өкілдерінің нақты қозғалысын жедел режимде бақылаған. Құпия досьелерде жоғары лауазымды тұлғалардың бағыты, күн тәртібі мен күзет жүйесі тіркеліп отырған.

Дереккөздер Израиль мен АҚШ арнайы қызметтері аятолланың өз кеңсесінде қашан болатынын да нақты білгенін хабарлайды.

Соққы жасалардан бұрын Иран басшылығы орналасқан аумақ маңында мобильді байланыс уақытша ажыратылған. Қоңырау шалушыларға желінің бос емес екені туралы хабарлама жіберіліп отырған. Мұның мақсаты — Иран тарапына алдын ала ескерту түсуіне жол бермеу.

— Бомбалар түспей тұрып-ақ, біз Тегеранды Иерусалимді білгендей таныдық, — деген израильдік барлау қызметінің өкілі.

Оның айтуынша, операцияларды жоспарлау барысында Израильдің ұлттық барлау қызметі — Моссад бейнекамералар деректерін, мобильді желілерді және ақпарат берушілерді кеңінен пайдаланған.

АҚШ президенті Дональд Трамп соққы «ең қолайлы сәтте» жасалғанын айтып, Иран басшылығы сол кезде таңғы ас үстінде болғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, Хаменеи әдетте өзіне тиесілі екі бункердің бірінде болады және егер сол жерде болғанда, оны жою аса қиын болар еді.

Айта кетейік, 1 наурызда Иран билігі жоғарғы көшбасшының қаза тапқанын жариялап, елде 40 күндік ұлттық аза тұту енгізді. Мәлімет бойынша, Тегеран қаласындағы негізгі резиденциясы мен әкімшілік кешеніне шамамен 30 әуе соққысы жасалған. Израиль тарапы бірнеше өзге де жоғары лауазымды ирандық шенеуніктердің көзін жойғанын мәлімдеді.

Жаңа жоғарғы көшбасшы сайланғанға дейін елді уақытша басқару Алиреза Арафиге тапсырылған. 67 жастағы дін қайраткері марқұм Хаменеиға жақын тұлға саналады және Ирандағы жоғарғы билік жүйесінде ықпалды орынға ие.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция қойылған мақсаттар толық орындалғанға дейін жалғасатынын мәлімдеген.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор